14 қараша 2022

Сөре Алматының тарихи орталығындағы «Астана» алаңында берілді.

13 қараша, жексенбі күні оңтүстік астананың 2000-ға жуық тұрғындары мен қонақтары қала ортасымен жүгіріп өтті. Қалалық жарысты ұйымдастырушылар «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының командасы болды.

City Run 2022 – алғаш рет қаланың дәл ортасымен өткен маусымның соңғы жарысы. Спортшылар жарысты қазіргі уақытта Қазақстан-Британия техникалық университеті орналасқан бұрынғы Үкімет үйінің тарихи ғимаратынан бастады. Қатысушылар Төле би, Наурызбай батыр, Шевченко көшелерімен жүгіріп, жаяу жүргіншілерге арналған Панфилов бульвар-көшесімен төмен түсті. Жарыс өтетін күні ауа райы атлеттерді қуантып, көп адамдар қаланың сұлулығын тамашалай отырып, жеке рекордтарын жаңарту мүмкіндігіне ие болды.

Жарысқа 15 жастан асқан әуесқой спортшылар 10 км және 5 км скандинавиялық жүріс қашықтықтарында қатысты. 10 км қашықтығында 32 минут 22 секунд нәтижесімен ерлер арасында бірінші болып Рақымжан Келманов мәреге жетті. Әйелдер арасында Светлана Куделич (Беларусь) жеңімпаз атанды. Оның мәреге жету уақыты – 36 минут 34 секунд.

«2022 жылғы жарыстар маусымы қарқынды және қызықты болды. Жыл сайынғы маусымдық жарыстардан бөлек, біз Алматы облысында алғаш рет ойлы-қырлы жерлермен жүгіру жарысын, стадионда 1000 метрге жүгіру жарысын, елордамыз Астанада жартылай марафонды және киелі Түркістан қаласында толық марафонды өткіздік. CITY RUN командамыз үшін жылды тәмамдайтын оқиға болды және біз жарыстың алғаш рет тамаша қаламыздың дәл ортасында өткеніне өте қуаныштымыз. Барлық қатысушыларға, қалалық қызметтерге, медицина қызметкерлеріне, еріктілерге, серіктестерге алғысымызды айтамыз. Сіздердің көмектеріңізсіз біздің жүгіру мерекеміз соншалықты жарқын және есте қаларлық болмас еді», – деді Алматы марафонының рейс-директоры Салтанат Қазыбаева.

Өз қашықтықтарын жүгіріп өткен барлық спортшылар мәреші медалін алды. 10 км қашықтығына жүгірген әйелдер мен ерлер арасында абсолютті есептегі жеңімпаздар ақшалай сертификаттармен, медальдармен, грамоталармен және серіктестер ұсынған сыйлықтармен марапатталды. Жас санаттары бойынша жеңімпаздар да медальдармен, грамоталармен және серіктестер ұсынған бағалы сыйлықтармен марапатталды.

«Қалалық жарыстың маршрутын білген соң біз достарымызбен бірге бірден тіркелдік. Қала орталығындағы әсем көшелермен жүгіріп өткенде, уақыттың қалай зымырап өткенін байқамай да қаласыз және барынша ләззат аласыз. CITY RUN барлық жүгірушілер үшін жылды аяқтау дәстүріне айналады және солай болып қалады деп сенеміз», – деп әсерлерін бөлісті 10 км қашықтығында жарысқа қатысқан Әлішер Әбдірахманов.

2023 жылғы 23 сәуірде өтетін 2023 жылғы жыл сайынғы Алматы жартылай марафонына тіркелудің ашылғанын естеріңізге саламыз. Тіркеу almaty-marathon.kz сайтында жүргізіледі.

Сайтқа кіру
Восстановление пароля