17 сәуір 2022

Осы жексенбіде, 17 сәуір күні бесінші Алматы жартылай марафоны өтті. Таңғы сағат 8-де Тұңғыш Президент саябағында сөре белгісі берілді. 5500-ге жуық әуесқой спортшы қала көшелерімен Орталық стадиондағы мәреге қарай жүгірді.

Сөреде барлық қатысушыларды Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Оразбайұлы Қырықбаев құттықтады. Жарыстың бас дәрігері Оразбек Сахов, бас серіктес – Onlinebank өкілі Дәурен Сартаев және жарыс директоры Салтанат Қазыбаева тілек сөздерін айтты.

Таңғы сағат 8-де сөреден бірінші болып 10 км-ге қатысушылар мен скандинавиялық жүріс өкілдері шықты. 8:32-де мәреге осы қашықтықтың жеңімпазы Денис Степаненко келді. Әйелдер арасында 10 км-де алғашқы болған – Екатерина Грицай.

Сағ. 8:20-да жартылай марафоншылар – әуесқой спортшылар, эстафета қатысушылары, сондай-ақ кәсіпқой жеңіл атлеттер, жартылай марафоннан (21,1 км) Қазақстан чемпионатының қатысушылары сөреге шықты.

Жартылай марафоншылардың арасынан мәре сызығына бірінші болып жеткен халықаралық деңгейдегі жеңіл атлетикалық спорт шебері Ринас Ахмедеев болды. Оның мәре уақыты - 1 сағат 5 минут және 11 секунд, және де бұл көрсеткіш Алматы жартылай марафоны жол бағытының абсолюттік рекорды.

1:06:57 нәтижесімен жүгіріп келген Келманов Ракымжан Қазақстан Республикасы Чемпионы атағына ие болды.

Әйелдердің арасынан мәреге бірінші болып жеткен Талдықорған қаласынан Мадина Керимова болды. Сондай-ақ ол 1 сағат 18 минут 52 секунд уақытымен жартылай марафоннан Қазақстан Республикасы Чемпионы атанды.

Эстафета командаларының арасында JRun жүгіру мектебінің командасы жеңіске жетті.

– Бүгінгі жарыс – бұқаралық спортты дамытудағы үлкен қадам. Әуесқой спортшылар, Қазақстан чемпиондарымен және басқа елдерден келген атлеттермен қатар, ең мықты атағына бақ сынау мүмкіндігіне ие болды. Сөреге барлығы әлемнің 28 елінен, атап айтқанда, ТМД елдерінен келген спортшылар шықты, - деді «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының директоры және жарысты ұйымдастырушы Салтанат Қазыбаева. – Біздің мақсатымыз – спортты барынша көп адамға қолжетімді және тартымды ету. Спорт – бүгінде сәнді хобби немесе қандай да бір ерекшелік емес, бұл – қажеттілік. Оқиғалар жылдам өзгеріп, келеңсіз жаңалықтар көбейіп жатқан қазіргі әлемде салқынқандылық сақтап, сергек болу маңызды. Бұл тұрғыда спорт – таптырмас көмекші.

Мәреден кейін барлық қатысушыларды Орталық стадион сахнасында чирлидерлер мен музыкалық топтар өнер көрсетіп, жарыс жеңімпаздарын марапаттау жүрген үлкен ойын-сауық бағдарламасы күтіп тұрды. 21 км-де абсолюттік есептегі жеңімпаздар ақшалай жүлде қорын өзара бөлісті: 1-ші орынға – 450 000 теңге, 2-ші орынға – 400 000 теңге, 3-ші орынға – 350 000 теңге. Жас санаттары бойынша (10 км және 21,1 км), сондай-ақ экиден эстафетасындағы жеңімпаздар серіктестерден сыйлықтар алды.

 Дүйсенбі күні, 18 сәуірде 2022 жылдың 25 қыркүйегінде өтетін «Алматы марафонына» тіркелу ашылады. Жарыс қашықтықтары: 42,2 км, 21,1 км, 10 км, 10 км скандинавиялық жүріс және экиден эстафетасы. «Алматы марафоны» аясында марафон (42,2 км) және 10 км-ге жүгіру бойынша Қазақстан Чемпионаты өтеді.

 

Алматы жартылай марафонының бас серіктесі: Onlinebank.

Құрметті серіктестер: Visa және Tennisi.kz.

Алматы жартылай марафонының ұйымдастырушылары: «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры, «World Class Almaty» фитнес-клубы, Академик Ш.Есенов атындағы ғылыми-білім беру қоры және #Сеніңжаңақырың мультиспорттық Youtube-арнасы.

Сайтқа кіру
Восстановление пароля