09 қараша 2019

9-қарашада Алматыда Сайран көлінде Күзгі жүгіру жарысы өтті.

Шара 2019-жылдың жарыс маусымын аяқтады. Алдағы жүгіру жарыстары енді тек 2020-жылы өтеді.

Алматы марафонының жүгіру жарыстары отбасылық игі бір дәстүрге айналғандай. Сөреге ата-аналары балаларымен, әжелері мен аталары немерелерімен бірге шығады. Бұл жолы әдеттегідей шараны 10-14 жастағы қатысушылар ашты. Олар 3 км қашықтықты жүгіріп өтті. Жанкүйерлер 11 минуттан соң мәреге алғаш болып жеткен Константин Вильгельм қарсы алды. Қыздардан Мерей Кенжебаева ең жүйрік деп танылды.

15 жастан асқан қатысушылар арасында ақшалай жүлде үшін бәйге болды. 1-орын алғандарға 50 000 теңге, 2-орын алғандарға 30 000 теңге және 3-орын алғандарға 20 000 теңге берілді.

11 км қашықтық мәресіне бірінші болып Михаил Красилов (36.06) және Ислам Амангос (37.40) жетті.

Қыздар арасында жеңіпаздар:

1-орын - Дана Гусарова (43.36),

2-орын - Анастасия Черная (45.39),

3-орын - Екатерина Шатная (50.06).

Күзгі жүгіру жарысы биыл шараның басты серіктесі Санофи компаниясының бастамасымен тағы да Қант диабетіне қарсы дүниежүзілік күрес күні аясында өтті. Санофи компаниясы терапияның инновациялық әдістерін ұсына отырып және бұл ауру туралы халықты хабардар етіп, диабетке шалдыққан емделушілерге 100 жылдан астам уақыт бойы қолдау көрсетіп келеді. Санофи диабетке шалдыққан адамдардың толыққанды өмір сүре алатынын және оларға ешқандай кедергілердің жоқ екенін көрсететін іс-шараларды бірнеше мәрте өткізді.

- Күзгі жүгіру жарысы - науқастардың спортпен шұғылданып, әсіресе жүгіру арқылы өмір сүру сапасын жақсарта алуының жақсы бір үлгісі. Сол себепті біз төртінші жыл қатарынан «Бірінші болу - батылдық» корпоративтік қорымен бірлесе отырып, Диабетке қарсы бүкіләлемдік күрес күніне орайластырып өтіп жатқан Күзгі жүгіру жарысына барынша қолдау көрсетеміз, - дейді Санофи Қазақстан басқармасының төрағасы, Санофи Орталық Азия рецептуралық препараттары бөлімшесінің бас директоры Виталий Быстрюков.

 «Бірінші болу - батылдық» корпоративтік қорының директоры Салтанат Қазыбаева 2019 жылғы жүгіру маусымының қорытындыларын былайша атап өтті:

- Біз биыл 20-ға тарта спорттық іс-шараны өткіздік. Олар – маусымдық және тақырыптық жүгіру жарыстары, Жүзу жарысы, Веложарыс, Спорттық жәрмеңке, Алматы жартылай марафоны және, әрине, Алматы марафоны.  Жалпы алғанда біздің іс-шараларымызға 20 000-нан астам адам келді. Биыл Алматы тұрғындары мен қонақтарының жүгіру жарыстарға деген қызығушылығының арта түскені байқалады. Демек, жүгіру біздің елімізде жаңа трендке айналды.

Келесі кезекте 2020-жылдың 22-ақпанында өтетін Қысқы жүгіру жарысы тұр. Бұдан бөлек, қазірдің өзінде Орталық Азиядағы кең ауқымды жарыс - Алматы марафонына тіркелу ашылды. Алматы марафоны 2020-жылдың 19-сәуірінде өтеді. 

Күзгі жүгіру жарысының ұйымдастырушылары – «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры, «World Class Almaty» фитнес-клубы, Академик Ш.Есенов атындағы ғылыми-білім беру қоры және мультиспорттық #Сеніңбасқақырың Youtube-каналы.

Маусымдық жүгіру жарыстарының бас серіктесі: Kaspi.kz. Күзгі жүгіру жарыстарының серіктесі: Schneider Electric.

Сайтқа кіру
Восстановление пароля