20 желтоқсан 2018

Алматыдағы қайырымдылық марафонынан түскен қаражат қайта жұмсалады? Неліктен жүгіру жарыстары қалада өтеді? Сөре кезінде жолдардың жабылуын кімдер қадағалайды? Не себепті марафоннан кейін сыра беріледі? Осы және өзге де сұрақтарға жүгіруден Орталық Азиядағы ең ірі іс-шараның ұйымдастырушысы жауап береді.

Алматыдағы қайырымдылық марафонынан түскен қаражат қайта жұмсалады? Неліктен жүгіру жарыстары қалада өтеді? Сөре кезінде жолдардың жабылуын кімдер қадағалайды? Не себепті марафоннан кейін сыра беріледі? Осы және өзге де сұрақтарға жүгіруден Орталық Азиядағы ең ірі іс-шараның ұйымдастырушысы жауап береді.

«Алматы марафоны» Қазақстандағы ең ірі қаланың спорттық өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Жеті жыл ішінде оған 80 мыңнан астам әуесқой жүгіруші қатысқан. Сонымен бірге, осындай бұқаралық іс-шараның өтуіне қатысты бірқатар сұрақтар туындайды. Бүгін біз олардың кейбіреуіне жауап беруге тырысамыз.

TENGRINEWS: Марафон неліктен қалада өтеді?

Салтанат ҚАЗЫБАЕВА, «Бірінші болу - батылдық» корпоративті қорының директоры: Марафон Алматының басты белгілерінің біріне айналды. Маңызды шара қала тұрғындарының, әсіресе, спорттық мәдениетін қалыптастырып, салауатты өмір салтын насихаттайды. Бұдан бөлек, қалада халықаралық спорттық шаралардың өткізілуі инвестиция тарту мен туризмнің дамуына үлес қосады. Осылайша, Американың ірі қалаларында (Бостон, Нью-Йорк) өткізілетін марафондар мемлекеттік қазынаға 200 млн доллардай қаражат әкеледі. Бұқаралық жүгіру жарыстары әлемнің ірі қалаларында жүз жылға жуық уақыт өткізіліп келеді. Еуропадағы ең көне Кошицкий марафоны (Словакия) сонау 1924 жылдан бастау алады. Жалпы, әлемде 12 мыңнан астам қала марафоны ұйымдастырылады. Жарыстардың сөресі мен мәресін     орталық алаңдар мен ірі стадиондарда өткізу дәстүрге айналған. Парижде марафон Елисей алаңында басталса, ал Лондонда мәресі Букингем сарайы жанында орналасқан.

 

TENGRINEWS: «Алматы марафоны» - бұл қайырымдылық жарысы. Ақша қайда бағытталады? Қаражаттың мақсатқа сай пайдалануын қалай қадағалайсыздар?

Валихан ТЕН, «Бірінші болу - батылдық» корпоративті қорының қамқоршылық кеңесінің мүшесі: Біздің қор көптеген спорттық шараны өткізеді. Олардың арасында тек «Алматы марафоны» қайырымдылық мақсаттарға арналған.  Шараның қайырымдылық мақсаттары бар екенін, алайда оның түпкілікті қайырымдылық сипатқа ие емес екенін баса айта кеткен жөн. Мұндай істердің қатарында мектеп-интернаттарда, балалар хосписінде, сәбилер балабақшасында спорт алаңдарын тұрғызу, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арнап қажетті медициналық құрал-жабдық сатып алу, акваторий және скалодромдар салу бар. 7 жыл ішінде біздің команда 2500 бала бар 11 мекемеде жалпы сомасы 59 млн теңге болатын 14 қайырымдылық жобасын іске асырды.

Раушан ЖАНАЕВА, қайырымдылық жобаларының менеджері: Біз тек ақшаны беріп қана қоймай, сонымен бірге оның қандай мақсаттарға бөлінетінін, мердігерлерден бастап құрылыстың өтуін бақылау мен нысанның тапсырылуын қадағалаймыз. Мысалы, «Алматы марафонының» 2018 жылғы шығыны – 16 380 500 теңге.  Бұл ақша интеллектуалдық дамуы тежелген балаларға арналған Алматыдағы  №6 арнайы мектеп-интернатына, Есіктегі көру қабілеті бұзылған облыстық мектеп-интернатта және Алматы облысындағы балаларға арналған «Мен сенімен біргемін» онкологиялық хосписінде спорт алаңдарын салуға жұмсалды. Бұл мекемелерде спорттық алаңдары салынып, толықтай жабдықталды. Қайырымдылық мақсаттары туралы ақпарат біздің  http://www.almaty-marathon.kz/ru/info/charity/ сайтымызда  көрсетілген. Ал, қаражаттың қозғалысы туралы бар ақпарат «Заң газеті» сайтында тұрақты түрде шығып тұрады.

TENGRINEWS: Сіз қайырымдылық мақсаттарын жүзеге асыруға тіркеу жарналарынан түскен қаражаттың жартысын бағыттайтындарыңызды айтқан едіңіз. Мұндай іс-шараны ұйымдастыруға орташа алғанда қанша ақша жұмсалады?

Салтанат ҚАЗЫБАЕВА: Оның сомасы жыл өткен сайын қатысушылардың саны мен нарықтағы бағаға сай өзгеріп отырады. Мысалы, 2016 жылы  тікелей шығындар (ұйымдастыру комитетіне кеткен шығындарды есептемегенде) бір қатысушыға 10 780 теңге, ал 2018 жылы 8 064 теңге құрады. Біріншіден, «Алматы марафонының» танымалдығының артуымен бірге көптеген әріптестер өз қызметтерін жеңілдетілген тарифтермен көрсете бастады, екіншіден, демеушілердің сенімі мен олардың алдын ала қаржылай қолдау көрсетулерінің арқасында біз тасымалдаушылармен бекітілген бағалар бойынша ертерек келісім-шарт жасасу мүмкіндігіне ие боламыз. 2018 жылы «Алматы марафонын» ұйымдастыру бойынша жұмсалған тікелей шығындардың ортақ сметасы 109 млн теңге құрады.  Шығындардың көп бөлігі сөре пакеттерін дайындауға кетті. Бұған қоса, тамақтану пункттерін, ұйымдастыруға, жүлде қорына, құрал-жабдықтарға, инвентарь, безендіру, жүргізушілердің гонорары, музыкалық сүйемелдеу, трансляцияларға және т.б. жұмсалды.

TENGRINEWS: Кез келген бұқаралық шараны ұйымдастыру көп еңбекті және мұқият дайындықты талап етеді. Жарысты ұйымдастыру неден басталады?

Салтанат ҚАЗЫБАЕВА: Нағыз әуесқой спортшылар үшін жоспарлаған маңызды. Оған жаттығулар кестесі, билеттер сатып алу, жолсерік таңдау тәуелді болады ғой. Сол себепті біз сөрелердің кестесін барынша алдын ала беруге тырысамыз. Дәстүрге сай, біз ағымдағы жылы келесі жылға арналған күнтізбе дайындаймыз. Осылайша, жетінші «Алматы марафоны» өткеннен кейін 3 айдан соң әуесқой жүгірушілер келесі марафонның өтетін күні 2019 жылғы 21-сәуір екенін біліп, ал қыркүйекте тіркеу ашылды. Қазір біздің сайттан «Бірінші болу - батылдық» қоры командасының әрбір сөресінің күнін тексеруге болады. Бұл - жүгіру жарыстары (2019 жылы 7 жүгіру жарысын өткізу жоспарланып отыр), жүзу жарысы, веложарыс, триатлон сөрелері мен тіптен пауэрлифтинг. Әр жарыстың бағыты мен өту орны қала билігімен келісіледі. Әр жарыс бірнеше ай бұрын мұқият түрде жоспарланады.

TENGRINEWS: «Алматы марафоны» трассасы биыл жаңартылды. Бағдар қалай таңдалады, оны кімдер және қалай өлшейді, қатысушылар өзгерістерді қашан күтеді?

Артем ЯКУПОВ, жобалар менеджер: «Алматы марафоны» трассасы AIMS (Халықаралық марафондар және жүгіру жарыстарының қауымдастығы) ережелеріне сай өлшеніп, сертификатталған. Трасса 5 жылда бір мәрте сертификатталады. Бірінші өлшеу 2013  жылы өтті. Сол уақыттан бері «Алматы марафоны» халықаралық деп танылып, қазір оған әлемнің 40 елінен келген спортшылар қатысады. 2018 жылы сертификаттау, ал онымен бірге бағдарлары жаңартылды. Сәйкесінше, келесі өзгерістер тек 2023 жылы болады.  Өлшеу үшін AIMS қауымдастығының ресми өкілі шақырылады. Құралдардан әдетте арнайы өлшегіш дөңгелек, шақырымды есептегіш құралы бар велосипед қолданылады.

TENGRINEWS: Әр сөре алдында тіркеуден өтіп үлгермеген адамдардың жағымсыз пікірлерін естуге болады. Не себепті «кешіккендер» өте көп және неліктен тіркеу аяқталғаннан кейін оларға нөмір беруге болмайды?

Сұлтан ҚАСЫМОВ, техникалық маман: Шын мәнісінде біз тіркеуді ұзақ уақыт бойы өткіземіз. Биыл «Алматы марафонына» тіркелу сөреге дейін 7 ай қалғанда ашылды. Үлгермеу мүмкін емес. Біздің жарыстарымыздың ережелеріне сай, тіркеу белгілі күні жабылады. Осыдан кейін қатысушылар тізіміне өзгеріс енгізуге мүлдем болмайды. Бұл спортшылар базасын қалыптастырудың техникалық ерекшеліктерімен байланысты, кішігірім өзгеріс ауытқуларға әкеп соғуы мүмкін. Біз үлкен ақпараттық науқан өткіземіз. Тіркеу тәсілдері барлығы үшін барынша жеңілдетілген. Қазақстанда болмасаңыз да тіркелу қиынға соқпайды. Біз белгіленген күні сөре пакеттерінің орнында болуы, қатысушылардың оларды кедергісіз алуы үшін барлық жағдайды жасаймыз. Биыл тіркеу жарналарын төлеген қатысушылардың саны 14 мың адамға жеткендігін есепке алар болсақ, олардың әрқайсысына нөмір беріліп, бұл күндері команда бар күшін осы бағытқа жұмсайды.  Сол себепті кешіккендермен айналысуға ешкімнің уақыты болмайды…

TENGRINEWS: «Алматы марафоны» жылына тек бір мәрте өтеді, қалған уақытта немен шұғылданасыздар?

Кұралай ЕРМЕКБАЕВА, операциялық директор: Бізге бұл сұрақ жиі қойылады. «Алматы марафонынан» бөлек біздің команда (18 адам) жылына бұдан өзге 20 спорттық іс-шара өткізіп, сонымен бірге өзге сөрелердің таймингі бойынша қызмет көрсетеді. Біз контент, алаңды ұйымдастыру, қатысушыларды ақпараттандыру, жаңашылдықтарды тұрақты дайындаумен айналысамыз. Бұған қоса, спортшылармен әңгімелесіп, кейінгілерін жақсырақ өткізу үшін әр жарыстан кейінгі пікірлерді сараптаймыз. Әр сөре ұйымдастырудан бөлек әкімшілік жұмыстарды қажет ететінін ұмытпаған жөн. Бұған серіктестерді іздеу, смета дайындау және келіссөздерді жүргізу жатады.

TENGRINEWS: Ең көп талқыланатын және даулы тақырыптардың бірі – бұл жарыстарды өткізу кезінде жолдардың жабылуы. Не себепті марафонды қала сыртында өткізуге немесе көліктің бағытын өзгертуді ыңғайлы жасауға болмайды? 

Салтанат ҚАЗЫБАЕВА: Біз жылына жолдардың жартылай жабылуын талап ететін 3 қана марафон өткіземіз. Олар – сәуірдегі «Алматы марафоны», тамыздағы «Tour of World Class Almaty» веложарысы және күзде өтетін «Алматы жартылай марафоны. Қалған сөрелер саябақтар мен мекемелерде өткізіледі.  Әркез жолдардың жабылуы қала қызметтері, ІІД, ТЖ және аудандық әкіматтарымен келісіледі. Оған жауапты тұлға тұрақты түрде қатысушылардың қашықтықтарды өтуін бақылайтын ұйымдастырушылар және техникалық мамандармен байланыста болады. Соңғы келе жатқан жүгірушінің артынан міндетті түрде көлік ілесіп отырады. Содан кейін трасса бірден жабылады. Жолдарды күні бойы жабық ұстаудың мәні жоқ. Біздің іс-шараларымызда көлік трассасы демалыс күндерінің бірінде таңертең ертесімен жабылады. Көшелердің кейбір бөліктері таңертең 9-10-дарда ашылып, осылайша қозғалыстың уақытша шектелуі байқалмай қалады. 

Жолдарды жабу жүйесі жаңартылып, жетілдіріліп отырады. Біз осындай күндері көлік қозғалысын барынша ыңғайлы етуге тырысамыз. Жолдардың жабылуын алдын ала ескертудің де маңызы зор. Бағдар мен уақыт ІІД-мен келісілгеннен кейін ақпарат жергілікті БАҚ, теледидар мен радиоға таратылады. Ережеге сай, ақпараттандыру сөреден бірнеше күн бұрын жүргізіледі. 

Ал, «Алматы марафонының» өтуіне көңілі толмайтындар туралы айтар болсақ, әлеуметтік психология деректеріне сай, мұндай адамдар кез келген қоғамда кездеседі. Дегенмен, олардың саны 5 пайыздан аспайды екен. Алайда, біз «Алматы марафоны» әлі жас жоба екенін түсінеміз. Сол себепті сыншыларға алғыс айтамыз. Олар арқылы өзімізге сырт көзбен қарап, мүмкін боларлық қателерімізді түзетуге тырысамыз.

TENGRINEWS: Трассадағы қауіпсіздік пен медициналық көмекті қамтамасыз ету жайында не айтасыз?

Раушан ЖАНАЕВА: Бағдар бойында, сөре мен мәреде әркез жедел жәрдем көліктері кезекшілік етеді. Біз әрқашан қатысушыларға назар аударамыз: олар өздерін кенеттен нашар сезінсе, сөре алдында медициналық қызметкерлерге барған жөн.

Қазір біздің іс-шарамызға медициналық қолдау көрсететін серіктестер көп. Бізде қатысушыларға қант пен холестеринге экспресс-тесттер жасалып, кардиолог пен маммологтың (әйелдердің жүгіру жарысында) тексеруінен өтуге мүмкіндік болды.

Салтанат ҚАЗЫБАЕВА: Өкінішке орай, 2018 жылы сөрелердің бірін өткізу кезінде жарысқа қатысушылардың бірі Алматыдағы қашықтықты еңсеру кезінде қайтыс болды. Оқиға орнына 3 минуттан соң жеткен жедел жәрдем бригадасы өлім фактісін растады. Бұл трагедия бәрімізге ауыр тиді. Біз жүгірумен шұғылданып жүрген немесе енді бастайын деп жүрген жандарға кеңес айтамыз. Марафонға әркім өз еркімен қатысады. Біз барлық қатысушыларға міндетті түрде жиі медициналық тексерістерден өтуге кеңес береміз. Сонымен бірге, спорт дәрігері, терапевт, ортопед және т.б. мамандардан үнемі скринингтен өту қажет. Бұл жүгірумен айланыспайтындарға да қатысты.  Жыл сайын қаңтардан бастап марафонға дейін біз ашық жаттығулар топтамасын ұйымдастырамыз. Бұл сабақтарда кәсіби тренер ниет білдіргендердің бәріне ақысыз түрде жүгіру техникасын үйретеді. Бұдан бөлек, тегін дәрістер өтіп, онда өз салаларының кәсіби спикерлері жүгірудің ерекшеліктері, тамақтану, спорттық аяқ киім және өзге көптеген тақырыптарда пайдалы мәліметтер айтады.  Күн сайын біздің әлеуметтік желілерімізде жүгірушілерге арналған кеңестер айтылады. Біз жүгіруге, жалпы спортқа деген көзқарастың саналы түрде болып, пайда әкелуін қолдаймыз.

TENGRINEWS: Не себепті жартылай марафонның мәресінде қатысушыларға сыра ұсынылды? Жүгірден кейін осылай жасаған дұрыс па?

Артем ЯКУПОВ: Біріншіден, бұл сусын бәріне бірдей ұсынылмайды. Екіншіден, алкогольсіз сыра қашықтықты еңсергеннен кейін пайдалы. Сыра – құрамында маңызды тұздар, адам ағзасындағы концентрациямен бірдей көміртегі бар изотоник. 21 және 42 шақырым қашықтықтарды еңсерген қатысушылардың ағзасындағы минералды-тұз тепе-теңдігін қалпына келтіру үшін пайдалы. Біздің жарыстарымызда тек алкогольсіз сыра беріледі. Ал, көптеген халықаралық жүгіру жарыстарында тіптен аз ғана мөлшерде градусы бар сусындар беріледі.  

Алкогольсіз сыраны физикалық жаттығулар кезінде пайдалануға болады. Онда амин қышқылдары мен В дәрумені, сонымен бірге суда еритін кремний бар. Әрине, мөлшерінен асыра пайдаланбаған дұрыс. Әр нәрсенің өз өлшемі болады.

Сырадан бөлек, әркім өз қалағанынша су немесе шай іше алады. Ұзақ қашықтықтарға арналған трассада сондай-ақ жеміс, спорттық изотониктер мен гельдер, шоколад, тоқаштар ұсынылады…

TENGRINEWS: Сіз командада 18-дей адам бар екенін айттыңыз. Ұйымдастыру жұмыстарына тағы кімдер көмектеседі?

Қымбат НҰРДАУЛЕТ, еріктілермен жұмыс істеу бойынша менеджер: Қазір «Алматы марафонын» ұйымдастыру ісіне 2 мыңдай адам қатысады. Олар – ұйымдастыру комитеті, еріктілер, қалалық қызметтер, ІІД, Алматы Триатлон федерациясының қызметкерлері,  World Class Almaty фитнес-орталығы, Академик Ш.Есенов атындағы қор, серіктестер.

«Алматы марафонында» еріктілердің өзі 600-ден асады. Негізінен олар еріктілер ұйымдарынан келгендер. Сонымен бірге, олардың арасында біздің таныстарымыз, достарымыз да бар. Студенттер, оқушылар (ең жас ерікті 13 жаста) және ересектер бар. Еріктілер тобының ең ересек қатысушысы 53-жаста. 

Олар сөре жинақтарын жинауға және таратуға, трассада жүгірушілерге қолдау көрсетуге, оларға су немесе тіскебасар беруге, мәреден армандаған медальмен қарсы алуға және ұйымдастыру процестеріне көмектеседі. Бізге ерікті болғысы келетін адамдардан жиі өтініштер түседі. Қазір еріктілер қатарына қабылдау жүріп жатыр және біз командамызға жауапты мүшелерді қуанышпен қарсы аламыз.

5 айдан кейін сегізінші «Алматы марафоны» басталған кезде қала қайтадан спорттық атмосфераға енеді. Бірге жүгіреміз бе?

Сайтқа кіру
Восстановление пароля