20 ақпан 2022

20 ақпанда Алматыда «Winter Run» жарысы өтті. Жарыс дәстүр бойынша қысқы жүгіру маусымын аяқтайды. Қысқы суыққа қарамастан, сөреге 2000-ға жуық қатысушы шықты.

Спортшылардың ең кішілері 10 жастағылар болса, ең үлкендері 80 жастан асқан.

Қатысушылар «Нұрлы тау» бизнес орталығының жанында жиналып, Әл-Фараби даңғылы бойымен жүгірді. Жарысты 10 жастан асқан балалар бастады. 3 км қашықтықты алғашқы болып Рамазан Айнегов (12 жаста) еңсерсе, қыздар арасында Амина Турысбекова (14 жаста) көш бастаа келді.

Жас атлеттерден кейін сөреге 15 жастан асқан жүгіру әуесқойлары шықты. Жүгірушілер 10 километрді бағындырса, «Скандинавиялық жүріс» қашықтығындағы қатысушылар 7 километрді жүріп өтті. 10 км қашықтықта ерлер арасында Ислам Амангос және әйелдер арасында Виктория Сергеева абсолютті жеңімпаздар болды. Барлық нәтижелер сайтта жарияланған.

– Дәстүр бойынша қысқы жарыс «Алматы марафонының» алдындағы жарыстар топтамасын ашады, – деп ой бөліседі «Бірінші болу – батылдық» КҚ директоры, жарысты ұйымдастырушы Салтанат Қазыбаева. – Бүгінгі жарыс алматылықтар үшін бірігудің, барлық жақсылықты еске алып, бір-біріне қолдау білдірудің маңызды екенін көрсетті. Жолдардың жабылуына байланысты түсіністік танытқан қала тұрғындарына алғысымызды айтамыз. Жарысты сапалы өткізу үшін біз Әл-Фараби даңғылын жексенбі күні таңертең бірнеше сағатқа жаптық, ал жолдарда көлік көп болатын кезге қарай трасса бос болды.

Жарыс қарсаңында жергілікті билік тарапынан жасалған жеңілдіктерге қарамастан, ұйымдастырушылар спортшылардың қауіпсіздігіне үлкен мән берді.

– Барлық қатысушылар сөре алдында және мәреден кейін бетперде тағуға міндетті болды. Бетпердемен жүгіруге болмайды, әрі жүгіру барысында қатысушылар жол бойында таралып, бір-бірімен қарым-қатынас жасамайды. Сонымен қатар, атлеттер сөре қалашығына ASHYQ қолданбасы арқылы мәртебесін тексергеннен кейін ғана жіберілді, – деді Салтанат Қазыбаева. – Өкінішке орай, бұл – заманымыздың шындығы, бірақ осындай жағдайдың өзінде де спорт ерекше маңызды және біз адамдарда спортпен, өздерінің хоббилерімен айналысу және пікірлестерімен араласу мүмкіндігі болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаудамыз.

Естеріңізге сала кетейік, 17 сәуірде жыл сайынғы Алматы жартылай марафоны өтеді. Жүгіруді бастап, жарысқа дайындалғысы келетіндердің барлығы әр сенбі сайын сағат 7:30-да «Атакент» ҚІЫО паркінде өтетін тегін жаттығуларға келе алады. Наурыз айынан бастап жаттығулар аптасына 2 рет өткізілетін болады.

Жарыстың бас серіктесі: Kaspi.kz.

«Winter Run» жарысының ұйымдастырушылары: «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры, «World Class Almaty» фитнес-клубы, Академик Ш. Есенов атындағы ғылыми-білім беру қоры және #Сеніңжаңақырың мультиспорттық Youtube-арнасы.

Сайтқа кіру
Восстановление пароля