21 сәуір 2019

Алматыда Орталық Азиядағы ең ауқымды жүгіру жарысы өтті. Оған әлемнің 53 елінен келген 17 мың спортшы қатысты.

Биыл «Алматы марафоны» өзге елдерден келген қатысушылардың саны бойынша рекорд орнатты. Шараға Ресей, Өзбекстан, Қытай, Канада, Швеция мен Кения елдерінен келген спортшылар қатысты.

Дәстүрге сай бірінші болып балалар қашықтығының қатысушылары жүгірді. Сағат 7:30-да 10-14 жастағы 1000-ға жуық жас атлет ең жүйрік атағына таласты. Ұлдар арасынан Доминик Боловинцев, ал қыздар арасынан Рима Гранкина жеңімпаз атанды.

Сағат 8:10-да Республика алаңында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Бәйбек пен «Алматы марафонының» негізін қалаушы және Ғалымжан Есенов марафон (42 км) және жартылай марафон (21 км), сонымен бірге командалық Экиден эстафетасын ашты. Мұндай командалардың саны биыл 113-ке жетті, бұл да бір рекорд болып отыр.

Спортшылардың саны ең көп 10 км қашықтық жарысына қатысушылар 8.25-те жүгіре бастап, оларға скандинавиялық жүріс әуесқойлары ілесті.

Негізгі (42 км) қашықтыққа Ташкент қаласынан келген Зикрилло Маматкулов 2:28:34 нәтижесімен абсолютті жеңіпаз атанды. Ал, қыздар арасынан _Мәскеу қаласынан келген Александра Каланова ең үздік нәтиже көрсетті (2:42:44). Биыл жалпы жүлде қоры 2 940 000 теңге құрап, оны 42 және 21 км қашықтықтарға жүгірген ерлер мен әйелдер арасынан көшбасшылар үштігі бөліп алды.

«Биыл біз сегізінші «Алматы марафонын» өткіздік. Жыл сайын әуесқойлардың саны артып, әлемнің түкпір-түкпірінен адамдар Алматыға әдейі осы шара үшін келіп жатыр. Бұл жолы сөреге шыққандардың саны былтырға қарағанда 3 мың адамға артық болды. Шара нағыз спорттық мерекеге айнала бастады. Жол қашықтығында жүгірушілерді жанкүйерлер қолдап, ал біз қатысушыларды сергіту үшін музыкалық пункттерді аштық, оларда барабаншылар, сырнайшылар, оркестр, тіптен футбол жанкүйерлері өнер көрсетті.  Led-экрандарда жанкүйерлердің қолдау сөздері жазылған бейнероликтер мен фотосуреттер көрсетілді. Жыл сайын қалада марафонның ауқымы артып келеді», -деді «Алматы марафонының» директоры Салтанат Қазыбаева.

«Алматы марафоны» бірінші жылдан бастап алдына қайырымдылық мақсаттарын қойып келеді. Биыл сөрелік жарнадан түскен қаражаттың бір бөлігі балаларға арналған үш мекемеде спорттық алаңдарды тұрғызуға жұмсалмақ.  

Сонымен бірге жыл сайын марафонға мүмкіндігі шектелген адамдар  қатысады. 2019 жылы «АЛМАЛЫ» активтерді басқару компаниясының бастамасымен мүшелері мүгедектер арбасына таңылған ерекше команда құрылды. Команда құрамына марафон жарыстарына қатысудан тәжірибелері бар Ұлттық Паралимпиада Комитетінің (Қарағанды) өкілі, «Мейірім» оңалту орталығының үш тәрбиеленушісі (Алматы), «Арди» мүгедектер қоғамдастығының мүшелері кірді.   

Марафоншыларға биыл белгілі кино продюсер, актер Нұрлан Қоянбаев, әнші Иван Бреусов пен спортшы, бизнесмен Вадим Зеленский бірге жүріп, көмек көрсетті.

Дәстүрге сай «Алматы марафонының» бас демеуші Kaspi.kz, құрметті демеуші Sulpak, Алматы әкімдігі, «Алматы спорты» әлеуметтік бағдарламасы мен өзге де серіктестердің қолдауымен өтті.

Шара ұйымдастырушылары: «Бірінші болу - батылдық» корпоративтік қоры, «World Class Almaty» фитнес-клубы және Академик Шахмардан Есенов атындағы ғылыми-білім беру қоры.

Сайтқа кіру
Восстановление пароля