08 маусым 2018

Жетінші Алматы марафоны аяқталғанымен, шараға қатысушылар одан алған эмоциялары және әсерлерімен осы кезге дейін бөлісіп жатыр. Біреулердің есінде жаңа трасса қалса, екіншілері өз қоржынына кезекті медаль мен сөре нөмірін салды. Ал, кейбіреулері жаңа жарыстарға дайындыққа кірісті.

Жетінші Алматы марафоны аяқталғанымен, шараға қатысушылар одан алған эмоциялары және әсерлерімен осы кезге дейін бөлісіп жатыр. Біреулердің есінде жаңа трасса қалса, екіншілері өз қоржынына кезекті медаль мен сөре нөмірін салды. Ал, кейбіреулері жаңа жарыстарға дайындыққа кірісті. 

Әлия Жүсүпова Алматы марафоны 2018-де  10 км қашықтыққа жүгіріп, өзге қатысушылармен әңгімелесті.

Артём

Артём – алматылық жас кәсіпкер. Ол үшін Алматы марафонына қатысу тізесінің ауыр жарақатынан кейін жасалған операция және операциядан кейінгі кезеңде қалпына келудегі мақсат пен мәнге айналды.  

 

- «Операциядан кейін ұзақ уақыт бойы менің қозғалысым шектеулі болды. Сол кезде мүгедек арбасына өмір-бақи таңылған адамдар, олардың күнделікті өміріндегі ыңғайсыздық, қиындықтарды жиі есіме алатынмын…

Сол себепті айығу бағдарламасы кезінде мен осы жағымсыз ойлармен күресіп, өз бойымдағы қорқыныш, уайымдардан арылуға барымды салдым. Мен Марафонда алғашқы  10 шақырымды жүгіріп өткен кездегі сезімімді сөзбен жеткізу мүмкін емес... Соншалықты күшті эмоция алдым! Мен өзімнің қайта жүре алатынымды ғана емес, сонымен бірге жүгіре алатынымды сезініп, түсіндім!!! Әуесқой деңгейде жүгіретініме қарамастан, жарысқа қатыса алудың өзі қуаныш пен сенімділік береді. Әсіресе, мәреде медаль алған кезде бойымды қуаныш кернеді.

Нәтижеме көңілім толды! Жарақаттан және ұзақ уақыт бойы қалпына келу үрдісінен кейін мәре сызығынан өту арман болды. Мен бұған қол жеткіздім!»

 

Диас

Диас – Астанадан келген бухгалтер, 28 жаста. Диас – кәсіпқой спортшы болмаса да, жүзу, велосипед тебу, жүгіру, баскетбол, шаңғымен жүгіру және сноубордпен шұғылданады.

 - «Мен Алматы марафонына қатысуды көптен бері ойлап жүрдім. Маған мұны жүзеге асыруға не себеп болды? Біріншіден, жарыстың ауқымы…Мұндай маңызды оқиғаның қатысушысы болудың өзі - бір үлкен мәртебе. Екіншіден, Марафон трассасы тамаша, таудың керемет көркіне куә боласыз. Үшіншіден, бұған дейінгі шараларға менің көптеген достарым мен таныстарым қатысты. Олар Марафонға қатысуға тұратынын, оның өте жақсы шара екенін айтып жүреді. Бұған қоса, мен өз күшімді байқап көргім келді. Астанада күз бен қыс бойы жүйелі түрде жүгіріп, жаттыққан еңбегім зая кетпесін дедім.

Аздан бастауды шешіп, 10 шақырым жүгірдім. Менің пікірімше, дәл осы қашықтықты таңдаған дұрыс. Себебі, 21 немесе 42 шақырымды баяу, жартылай өткеннен гөрі, 10 шақырымды сапалы әрі тез еңсерген маңызды деп ойлаймын. 

Нәтижеме көңілім толады. Бірінші ресми жүгіру жарысымда 59 минут уақытты бағдарға алып, қашықтықты  57 минут 10 секундта жүгіріп өттім. Трассаның өзі жоғарыға немесе ылдиға кетіп, қиындық тудырды. Бұл энергияның көп жұмсалуына әкелді. Тәжірибелі жүгірушілер күшті үнемдеу үшін жоғарыға баяуырақ шығып, төбешіктен одан да жайырақ түсуге кеңес береді. Бұл өз кезегінде тізе буындарына артық салмақ түсірмеуге мүмкіндік береді. Жүгірумен енді айналысып жүргендер мұны біле бермейді. Сол себепті, қателіктер кетіп жатады.  

Келесі жылы міндетті түрде қосылам және жартылай марафонға қатысатын болармын».

Дәурен

Дәурен – жас кәсіпкер, Алматы қаласы. Марафонға осымен үшінші жыл қатарынан қатысып келеді.

 

- «10 шақырым мен үшін бір  сын болды. Қолымнан келе ме деп ойладым.  Жүгіргеннен кейін, енді 21 шақырымға дайындалу қажеттігін түсіндім. Биыл мен жартылай марафонды екінші мәрте еңсердім.

Қазір өзіме уақыт бөлуге тырысамын. Жүгіру мен үшін медитация, өмірдің кейбір сәттеріне басқаша көзқараспен қарауға үйретеді. Шаңғы, велосипед, жүзу, өзге де спорт түрлері -  бұлардың барлығы менің өмірімнің бір бөлшегіне айналып кетті!

Жүгіру кезінде жанкүйерлердің қолдауы көп көмектесті. Мысалы, «Сен күштісің!» деп жазылған плакаттар, жанымыздан өтіп бара жатқан автокөліктер берген дыбыс белгісі, адамдардың күлімдеуі тәрізді өзге де жылы сәттер ерекше күш берді.

Менің кезекті мақсатым – халықаралық марафондарға қатысу. Гарда (Италия), Нью-Йорк пен Барселона қалаларында жүгіргім келеді. Қашықтықтарды еңсергеннен кейінгі көтеріңкі көңіл-күй, қатысушылардың көңілді жүздері бойға қуат береді. Мұны басқа да жарыстар сөрелерінен сезінгім келеді!»

Сайтқа кіру
Восстановление пароля